ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ: КӘСІПКЕРЛЕРДІ КӨП БАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТУГЕ ШАҚЫРДЫ
Облыс әкімі Қ.Көшербаев кәсіпкерлерді аз қамтылған жанұяларға көмек көрсету шараларына белсенді атсалысуға шақырды және тұрмысы төмен отбасыларға көмек беруге қатысты бірқатар шараларды ұсынды.
Жиынды ашқан аймақ басшысы Наурыз мерекесімен құттықтап, Ұлыстың ұлы күнінде қазақ халқында қалыптасқан игі дәстүр бойынша қолдауды қажет етушілерге көмектесіп, тамақпен қамтамасыз етіп, жетімдер мен науқастарға қайырымдылық көмек көрсетілетінін атап өтті. 
"Үкімет тіпті ең күрделі кезеңдерде де өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындады. Елімізде әлеуметтік шығындар деңгейі үнемі жоғары болған және алдағы уақытта да ұлғаятын болады. Бүгінгі күні әлеуметтік салаға жыл сайын облыстық бюджеттің орта есеппен 60% бөлінуде. Сонымен қатар, әлеуметтік саясат дұрыс жүргізілуі тиіс, өйткені масылдық көзқарастың өсуіне жол берілмеуі керек. Адамдарға күндерін өздері көру үшін жұмыс беру қажет. Көмек аса мұқтаждарға ғана берілуі  тиіс»,-деді аймақ басшысы.
Өңірдегі аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау аясында осы саладағы проблемалық мәселелер анықталып, жұмыс алгоритмі әзірленді. Аймақтағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың, яғни көп балалы жанұялар, жалғыз басты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың нақты санын анықтау және өзектендіру мақсатында (аулаларды аралау) талдау жүргізілді.
Осындай әрбір отбасына облыстың барлық ірі және орта кәсіпорындары, бизнесмендері, сондай-ақ, шенеуніктері жауапты ретінде бекітіліп, оларға нақты қандай көмек қажет екені анықталады.
Сонымен қатар, осы жанұялардың еңбекке жарамды мүшелерін (әкесі, анасы, үлкен ұлы, қызы) жұмыспен қамтуға (жұмысқа орналастыру, қайта оқыту, өз кәсібін ашуға) ықпал жасап,  отбасындағы кемінде бір  баланы тегін оқытуға жәрдем көрсетіледі.
"Яғни, болашақта бұл отбасы материалдық жағдайын түзеп,  аяғына тұруы үшін барлық жағдай жасаймыз. Бұл жұмысты Қызылорда қаласында бастап кеттік. Қазір аталмыш шараларға барлық аудан әкімдіктері де қосылатын болады. Және де өңірлік «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік Палатасы кәсіпкерлердің осы іс-шараға белсене қатысуына бастамашы болуы қажет. Егер Сіздер қайырымдылық көрсетуді қолайсыз және қажет емес деп санасаңыздар, біз ешкімді мәжбүрлемейміз»,-деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде, бизнес өкілдері облыс әкімінің бастамасын қолдап, мұқтаждарға көмектесу - олардың азаматтық борышы  екенін айтты.

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика