ҚЫЗЫЛОРДАДА «ЖАСТАР ЖЫРЛАЙДЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Қызылордада Жастар жылына және Әйтеке бидің 375 жылдығына орай «Жастар жырлайды» атты республикалық  ақындар айтысы өтті. Бас жүлде қызылордалық айтыскер Нұрмат Мансұровқа бұйырды.
Жыр додасына республикаға танымал Аспанбек Шұғатаев (Павлодар қаласы), Рүстем Қайыртайұлы (Алматы қаласы), Аруна Керімбек (Тараз қаласы), Біржан Байтуов (Шымкент қаласы), Дәурен Ысқақ  (Астана қаласы), Райымбек Өтепов (Орал қаласы) және Сыр елінен Нұрмат Мансұров, Сырым Әділбек, Нұрзат Қару, Бексұлтан Орынбасаровтар қатысты.
Аламан бәйгеде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов сөз алып, шешен-бидің өнегелі өмірі мен тағылымды ой-пікірін көпке үлгі етіп, қатысушы ақындарға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, айтысқа қатысушы ақындардың өнерін бағалау үшін, қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман бастаған «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, жазушы-журналист Айжарық Сәдібекұлы және айтыскер ақын Кенжебай Жүсіповтер қазылық етті.
Айтысты екі дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов жүргізді.
Қазылар алқасының шешімімен аламан айтыстың бас жүлдесін жерлесіміз Нұрмат Мансұров еншілесе, I орын – Алматы қаласынан Рүстем Қайыртайұлы, II орын – Шымкент қаласынан Біржан Байтуов, III орын – Тараз қаласынан Аруна Керімбек және Павлодар қаласынан Аспанбек Шұғатаевтарға бұйырды. Сондай-ақ, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар жүлдесі» номинациясымен Орал қаласынан келген жас ақын Райымбек Өтепов марапатталды.
Теги: 

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика